Әйелдердің құқығын қорғайтын заң күшіне енді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойғаны жөніндегі хабарды зор қуанышпен қабылдадық. Бұл заңдарға әйелдер мен балаларға қатысты кез-келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген.

Ертеден келе жатқан «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тектен-текке айтылмаған. Отбасындағы ынтымақ-бірлік пен жарасымды тіршілік әйел адамға тікелей байланысты. Қай үйде әйел өзін жайлы, бақытты сезінсе, үнемі күліп-ойнап, көтеріңкі көңіл-күймен жүрсе, өз өміріне дән риза болса, сол үйде жарасымдылық та, молшылық та, бақ-береке де болады. Ондай үйдің ер азаматы әрқашан табысты болып, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да жақсы адам болып өсетіні сөзсіз. Сол сияқты қай елде әйелдердің құқықтары толық қорғалып, гендерлік теңдік салтанат құратын болса, сол ел дамып, мәдениеті кемелденіп, ғылым-білім, технология мен өнеркәсібі алға басып, экономикасы қуатты, қоғамы тұрақты болып жатады.

Сол себепті Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қабылданып отырған заң елімізде гендерлік теңдіктің нығаюына және отбасылық зорлық-зомбылықтың тыйылуына әсер етеді деп сенемін. Қоғамымызда әртүрлі жағдайлар болып жатыр ғой. Солардың да алдын алады деп білемін. Түптеп келгенде, бұл Қазақстанды адам құқығы толық қорғалатын, қауіпсіз, өркениетті елге айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Гүлжаһан САЙЛАУҚЫЗЫ,

Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *