«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығында жүзден астам қыз-келіншек оқыту курсынан өтті
Елімізде гендерлік теңдікті қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Мемлекетіміз Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет нысаналы түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. Ел Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, өңірлерде тиісті консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істей бастады.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Сонымен қатар, аталмыш тұжырымдама ер мен әйелдің қызмет сатысындағы талаптар мен қолжетімділіктің тең деңгейде сақталуын қадағалайды.
Қазіргі таңда елімізде гендерлік саясаттың дамуында оң өзгерістер байқалады. Әр саладағы алға қарай ілгерілеушілікке ерлермен қатар әйелдер де белсенділік танытуда. Әйелдер мемлекеттік қызметтен бөлек жеке кәсіптің де қарқын алуына да өз үлестерін қосуда.
Айталық, ел көлемінде кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасауға көмектесетін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді тек қаржылай қолдап қана қоймай, түрлі бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп, кәсіпкерлерге көмек қолын созып келеді. Мәселен, «Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету» жүйесі арқылы менеджер-кеңесшілер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері және конкурстық рәсімдер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, бизнес-жоспарды әзірлеу бағыттары бойынша кеңес береді.