Жазғы лагерьлердің санитарлық жағдайы қатаң бақыланады
Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақовтың мәлімдеуінше, бүгінде Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүргізіліп жатыр. Лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары тексеріліп, алдын ала медициналық тексеруден өтуі бақылауға алынған.
— Биыл облыс көлемінде 33 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы жоспарланған. Оның 17-і жергілікті СЭББ тарапынан тексеріліп, оң қорытынды алды. Ал 3 лагерьдің санитарлық кемшіліктері түзетілуде. Қалған демалыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде,- дейді Асқар Бекболатұлы.
Айта кетейік, облыста оқушылардың жазғы сауықтыру лагерьлері өз жұмыстарын бастады. Бүгінде бірінші ауысымға 2464 бала қабылданған. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат–Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді.
Сондай-ақ, Түлкібас пен Төлеби аудандарындағы лагерьлерде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Одан бөлек, 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады.
Жазғы лагерьлер бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Биыл «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады. Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Олардың 9-ы – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік.