Мейірім шаңырақты шаттыққа бөлейді
Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырып тұрады. Үкіметтік емес ұйымдардың басты мақсаты – билік пен халық арасында диалог орнатып, түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу. Осы орайда өңірдегі 100-ден астам қоғамдық ұйым облыстың әлеуметтік дамуына атсалысуда. Солардың бірі – біздің Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі.
Жалпы, әр баланың саналы азамат болып қалыптасуына ең алдымен отбасындағы жайлылық, ата-ананың шынайы мейірімі керек-ақ. Ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық кикілжіңдердің жиі орын алуы баланың психикасына кері әсер ететіні белгілі. Осы орайда біздің қоғамдық бірлестік мүшелері әр отбасыда тыныштық пен ынтымақтың салтанат құруы үшін еңбектенеді. Ауданға қарасты ауыл округтеріндегі әйелдер кеңесі төрайымдарымен бірге әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға демеушілік көмектер ұйымдастырып тұрамыз. Әрине, кейбір шаңырақта зорлық-зомбылық іс-әрекеттер көрініс беріп қалып жатады. Иә, өмір болған соң бәрі де кездеседі. Алайда, солай екен деп қол қусырып қарап отырмаймыз. Тұрғындармен етене әңгімелесу арқылы мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға тырысамыз және оның болашақтағы салдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп келеміз. Ауыл ақсақалдары мен билерімен бірлесіп, кейбір келеңсіз жағдайларды болдырмаудың тетігін де таба білдік. Жұмысымыз көбіне тұрғындармен тығыз байланыста өрбиді. Сондағы байқағанымыз, қазіргі кезде көп ата-ана ұл-қыздарына жіті көңіл бөле бермейді.
Отбасындағы жылылық пен мейірім шаңырақты шаттыққа бөлейді. Ол үшін кез келген жанның бойында игі істерге бастайтын ізгі ниет болуы керек. Бала жүрегіне қуаныш сыйлап, қасынан табылып, сөзбен де, іспен де көмектесе алатын адамдар көп болған сайын қоғамда жақсылық жасау да көбейе береді.