Зәуренің тәтті күлшесін іздейтіндер көбейді
Өңірімізде кәсіпкерлік саласында қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде облыста 213 мыңнан астам кәсіпкер болса, соның 68 мыңын қыз-келіншектер құрауда. Бүгінде Созақ ауданында да кәсібін жолға қойған келіншектер жетерлік. Солардың бірі – Зәуре Аманбекова.
Жас кәсіпкер мемлекеттен грант алып, өз кәсібін ашып, бүгінде қолға алған ісін дөңгелетіп отыр. Ол шағын наубайхана ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, оған наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар (кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш) сатып алыпты. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелер мен кондитерлік тағамдар пісіріледі. Мұнда бес адам еңбек етеді.
– Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі, жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда кәсіп ашамын дегендер мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отыр. Әртүрлі салалар бойынша арнайы бағдарламаларға қатысып, кәсіп ашып, нәпақасын тауып жүрген біздің кейіпкеріміз секілді кәсіпкерлердің қатары күн санап көбейіп келе жатқаны бізді қуантады.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы 330 кәсіпкер 22,799 млрд. теңгеге, соның ішінде 135 кәсіпкер әйел 6,158 млрд. теңгеге қаржыландырылды.