Келесте тұрғындарға жер беріле бастады
Келес ауданындағы басты мәселелердің бірі Абай ауылы аумағында жер учаскесіне кезекте тұрған ауыл тұрғындарына жеке тұрғын үй құрылысы және өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін беру болатын. Қазіргі таңда аталмыш мәселе кезең–кезеңімен шешімін табуда.
Бас жоспарға сәйкес, тұрғын үй құрылысы үшін беруге дайындалған жер телімінің көлемі 96,0 гектар. Бөлінген жер учаскелерінің саны 470 құрайды. Бүгінгі таңда кезекте тұрған тұрғындарға жер учаскелерін беру бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МККЕАҚ Түркістан облысы бойынша Келес аудандық филиалы арқылы құжаттар тапысырылды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек АғыбаевАбай ауылы тұрғындарымен кездесуінде былай деді:
«Жер учаскелерін инфрақұрылыммен толықтай қамту мақсатында тиісті жер учаскелері қарастырылған, толық құжаттандырылған.Электр қуаты тартылған, бетон бағаналары орнатылып 10 000 шақырымға (кВ10-СИП-3) монтаж жұмыстары аяқталған. Табиғи газ және таза ауыз сумен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан кезекте тұрған тұрғындарға жер учаскелерін беруге келісімі алынды. Алдағы уақытта жер учаскесіне таңдау актісі дайындалғаннан кейін, жер кадастрлық жоспар жасату үшін құжаттар тапсырылады. Бұдан бөлек көп қабатты тұрғын үйлер салуға арналған 10 гектар жер телімі қарастырылған».
Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы Абай ауылының тұрғындарымен кездесуінде ауылдың маңызды мәселелерін де атап өтіп, шешім жолы бойынша жоспарлармен бөлісті. Әрбір саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап, тұрғындардың ұсынысы негізінде қолға алынған жобалар туралы баяндады.