СҚО-да 3,7 млн тонна астық бастырылды

Солтүстік Қазақстан облысында 3,7 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов айтты.

«Ауыл шаруашылығы биылғы қиындықтарға қарамастан тұрақты дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 775 млрд теңгені құрады. Биыл солтүстікқазақстандық диқандар егін жинау науқанын ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізді, бұл астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Оған қарамастан, облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл – басқа аграрлық өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш. Нәтижесінде, егін жинау алқабы ең аз болғанымен 3,7 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдар 685 мың гектарда жиналды. Орташа өнімділігі 6,7 центнерден, 458 мың тонна жиналды. Жалпы, жақсы өнім алу үшін барлық қажетті аграрлық іс-шаралар кешені жүргізілді», — деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі бриингте.

Оның атап өтуінше, ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығы да ерекше назарда. Он айда ет өндірісі 2 пайызға, сүт өндірісі 3,4 пайызға өсті. 589 миллион жұмыртқа өндірілді.

«Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі. Бұл республикалық көлемнің 10 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы, халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұған инвестиция тарту арқылы қол жеткіземіз. Республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан біздің облыс. Президенттің ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асуда. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару бар. Осының арқасында, өңір халқының құс етіне, маусымаралық кезеңде көкөністерге қажеттілігі 100 пайызға қамтамасыз етіледі, қосымша сүт өндірісі ұлғаяды», — деді ол.

Өңір басшысы облыста астықты терең өңдейтін «Биооперейшн» зауыты жұмыс істейтіндігін айтты.

«Кәсіпорын глютен, бидай крахмалын, биоэтанол өндіреді. Шикізатты қайта өңдеу қуаты жылына 237 мың тонна, инвестиция сомасы 14 млрд теңгені құрайды», — деді Гауез Нұрмұхамбетов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *