Полицейлер ауыл тұрғынына жоғалған 10 бас жылқысын тауып берді
Ордабасы ауданының полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын өзінің 10 бас жылқысын жоғалып кеткендігі туралы айтып, көмек сұраған. Ол жылқыларының Берген ауылына қарасты егістік алқапта жайылымға жібергенін, оларды іздеп барғанында сол аймақтан таба алмағандығын айтып көрсеткен.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Диас Асқар мен учаскелік полиция инспекторы Болат Кенжебеков жедел іздестіру барысында мал иесімен бірге жайылымдарды, егістік алқаптарын, ауыл-аймақтарды толық тексерді. Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде, жоғалған жылқылар тәулік ішінде көрші ауылдан табылды. Яғни, 15-20 шақырымдық жерде жайылып жүрген. Осылайша тәртіп сақшылары жоғалған жылқыларды тауып, өз иесіне табыстады. Өз кезегінде ауыл тұрғыны полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жедел іс-әрекеттерінің нәтижесінде табылғанын тілге тиек етіп, шынайы алғысын білдірді.