Түркістан облысында «Мигрант» шарасы барысында 350-ден астам құқық бұзушы анықталды
Түркістан облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау, жолын кесуге бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Жұмыс жүргізу барысында полицейлер Қазақстан Республикасына заңсыз келген адамдарды, заңсыз көші-қон фактілерін және құжаттарсыз еңбек қызметімен айналысатын шетелдіктерді, сондай-ақ заңсыз көші-қонға байланысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға баса назар аударды.
Тәртіп сақшылары Түркістан облысының аумағында жүргізілген кешенді 5 күндік рейд барысында Көші-қон заңнамасын бұзған 355 шетелдік пен Қазақстан азаматын анықтады, оның ішінде 248-і шетелдік азамат.
Мәселен ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша яғни шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қатамасыз еткен Қазақстан Республикасының 84 азаматы мен шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 23 құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ сот шешімімен 54 шетелдік елден шығарылды.
Бұдан басқа «Мигрант» шарасы аясында ҚР ҚК-нің 394-бабы 1-бөлігі «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша 2 қылмыстық іс және ҚР ҚК-нің 392-бабымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» 1 қылмыстық іс қозғалды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді.