Түркістан облысының полицейлеріне ерекше форматта психологиялық семинар-тренинг өткізілді

Түркістан облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында «Жас мамандарды экстремалды жағдайларда өзін-өзі реттеу мен стресстік күйдің алдын-алу» тақырыбында инспектор-психолог полиция капитаны Айгерім Исаева мен полиция аға лейтенанты Жансая Байкенженің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Ерекше форматта өткізілген семинар-тренингке Түркістан ПД аппарат құрылымы, Түркістан қалалық полиция басқармасы мен кентаулық 50-ге жуық жас қызметкерлер, олардың тәлімгерлері қатысты.
Семинарға өз тәжірибелерімен бөлісуге Түркістан облысы ПД және ҰҰ Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкідегі полиция полковнигі Оспанғазы Жанқожаев, Шымкент қалалық Полиция департаментінің инспектор-полиграфологы полиция капитаны Феруза Аматаева, полиция майоры Ақерке Тастемирова және полиция капитаны Балжан Тұрар арнайы шақыртылды. Аталған спикерлер жас тәртіп сақшыларына қиын да қауіпті жұмыстарында асқан жауапкершілік пен шыдамдылық қажет екенін айта отырып, баяндама жасап, тренинг жаттығуларын жүргізді.
Атап айтсақ, семинар-тренинг 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Суицид-ең ауыр күнәлардың бірі» және «Жас қызметкерлердің интеллектік психологиясын дамыту» тақырыптарында дәріс пен презентация көрсетілді. Ал екінші кезең тренинг-жаттығуларымен жалғасты. Тренингте белсенділік танытқан қатысушыларға ұпай ретінде жұлдызшалар таратылып, саны жағынан көп жинағандарға көтермелеу мақсатында тәтті сыйлықтар үлестірілді. Қорытындылау мақсатында өткен үшінші кезеңде қатысушылармен кері байланыс орнату үшін сұрақ-жауап пен пікір алмасу жасалды.
Шара соңында Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі Мақсат Асқаров сөз сөйлеп, семинарға келген қонақтарға Түркістан ПД бастығы генерал-майоры М.Қабденовтың атынан «Алғыс хат» марапаттары мен киелі Түркістаннан естелік ретінде сыйлықтар берді. Сонымен қатар алдағы қызметіне мотивация ретінде 4 жас қызметкер «Алғыс хатпен» марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *