Түркістан облысының полицейлері екі шетелдіктен гашиш тәркіледі

Сарыағаштық полицейлер мен ҰҚК шекарашылар қызметтік иттердің көмегімен «Жібек жолы» бақылап-өткізу бекетінде есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың екі дерегін анықтады.
Мәселен полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде «Имерек» атты қызметтік ит шетелдікке тыйым салынған зат бойынша күдік келтіргені туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары күдіктіні, яғни Өзбекстан азаматын анықтады. Жедел уәкілдер тексеру кезінде ер адамның қалтасынан ішінде есірткі тектес заты бар пакетті тапты. Заттай дәлелдеме сараптамаға жіберілді.
Осы күні «Линда» атты тағы бір қызметтік ит шекарадан өтіп бара жатқан белгісіз адамға белгі берді. Ол Тәжікстан азаматы болып шықты. Полицейлер бұл сезіктіден де есірткі затын тапты. Жүргізілген сараптамалар тәркіленген есірткі заттарының «гашиш» екенін растады.
Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.
Полицейлер бүгінгідей техника дамыған уақытта, заманауи үлгідегі түрлі құралдардың қолданысқа енгізілуіне қарамастан, қызметтік иттер қылмыстарды ашуда, оның ішінде «ізін суытпай» анықтауда таптырмас көмекші болып қала беретінін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *