Түркістан облысында бағдаршаммен ойнаған балалардың ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылды
Әлеуметтік желіде көше қиылысындағы бағдаршаммен қызық үшін ойнап жүрген балалардың видеосы тарады. Онда жасөспірімдер бағдаршамның ток тұратын құрылғысын ашып, жарығын қалаған кезде өшіріп, қосып жүргенін көруге болады.
Жалпы оқиға Созақ ауданында болған. Тәртіп сақшылары құқық бұзушылық жасағандарды анықтап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік шара қолданылды.
«Жасөспірімдер бұл теріс әрекеттерін қызық көру мақсатында жасағандарын мойындап, алдағы уақытта қайталамайтындарын жеткізді»-делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.