Ассамблея еліміздегі этностарды ұйыстырып қана отырған жоқ, осы миссияны жастарға аманаттауда

Ассамблея еліміздің саяси жүйесінің аса маңызды бөлігі болып табылады. Бұл құрылым ел бірлігін нығайтуға орасан зор үлес қосып келеді. Былтыр Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда ел бірлігін нығайтуда атқарылар жұмыстардың басым бағыттары айқындалды. Осыған орай Ассамблея жұртты азаматтық бірегейлікті дамыту ісіне жұмылдыру мақсатында көптеген шараларды атқаруда. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға ерекше көңіл бөлуде. Өйткені, бұл өте маңызды.

Сонымен қатар, Ассамблея жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бәрі халқымызды ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға арналған. Ассамблея волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуда. Тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуде. Соның арқасында қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы орныға түсті. Ең бастысы, жастармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл – өте ауқымды және маңызды жұмыс.

Соның дәлелі ретінде жақында өңірімізде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан — жаңа буын» жобасы аясында «Жаңа Қазақстан: жастар қоғамның қозғаушы күші» атты тақырыпта өткен семинарды айтуға болады.

Семинардың мақсаты еліміздің ертеңгі болашағы болар жалынды жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар, шарада жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетіні кеңірек айтылды.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Ұлан- ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің директоры Валихан Бахретдинов және өңірімізде тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің белсенді жастары қатысты.

Еркін форматта өткен семинар барысында түрлі спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Сайыста Сайрам ауданының жастары белсенділік  танытып, жүлделі орындарға ие болған спортшылар арнайы дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Соңында белсенді жастар өздерінің ой пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, толғандырған сауалдарына жауаптар алды.

Айта кетейік, Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Өскелең жастар да осы маңызды миссияны алдағы уақытта абыроймен атқара береді деп сенеміз. Шараның негізгі мақсаты мен айтары осы.

Өңірдегі халық арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау мақсатында 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Атап айтқанда, өзбек, славян, түрік, күрді, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзербайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени  бірлестіктері  түрлі мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейі  94 пайызды құрап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *