«Қоғамдық келісім» — ұлтаралық татулықты сақтауға үндейді
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Ақсукент ауылында орналасқан «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының мәжіліс залында аудан аумағындағы этнос өкілдерімен, агрессивті тұлғалармен, «Жас қанат» жастар ұйымдарының өкілдерімен «Жаһандану әлеміндегі жастардың психологиялық денсаулығы» атты тақырыпта кездесу өтті. Кездесу еркін форматта ұйымдастырылды.
Шарада жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің себеп салдары және оның алдын алуды жолдары айтылып, талқыланды. Қоғамды ақпараттандыру, ескертуші белгілерін үйрету, психикалық, репродуктивті денсаулықты нығайту мәселелері де қозғалды.
Кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы жүргізіп отырды. Шараға БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы Әбдірахманова Сымбат Нұртазақызы, Сайрам аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Ораз Еркебұлан Хасенұлы, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» комуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі меңгерушісі-заңгері Медеуов Ғалым Диллабекұлы қатысты.
Ағайынның амандығын, елдің тыныштығын, халықтың бірлігін нығайтуда азаматтық ұйымдардың айрықша рөл атқаратынын айтқан Базарбай Мамадиярұлы «Қоғамдық келісім» мекемесінің атқаратын жұмысына кеңірек тоқталды.
— Жалпы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында межелі міндеттерді жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді. Атап айтар болсақ, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді,этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жасайды, этностар жинақы шоғырланған жерлердің өзекті мәселелерін саралайды, проблемаларын анықтайды және олардың шешу жолдарын қарастырады, — деді Базарбай Мамадиярұлы.
Бүгінде Түркістан облысындағы Ассамблея жанында өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар да бар. Осы аталған құрылымдар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жұмыс істеуде.
— Сайрам ауданында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша өңірлік жоспарлар уақытылы орындалуда деуге болады. Әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ресми аккаунттарды құру және дамыту, ресми аккаунттарда этносаралық қатынастар тақырыптарын оң ақпараттық күн тәртібіне насихаттау жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтік желіде филиалдың ресми фейсбук парақшасы құрылған, сонда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырамыз. Ақпараттық салаға мониторинг жасау, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша деструкивті басылымдарды анықтау, олардың авторларымен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, құқық қорғау органдары тарапынан алдын алу шараларын қабылдауға да басымдық берілген.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Даму тұжырымдамасын іске асыру мақсатында тапсырмалар жоспарғаенгізіліп, бүгінгі күні осы бағытта тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Аудан аумағындағы медиаторлармен және 42 елді мекенде ауыл округтеріндегі татулыққа жауапты қызметкерлермен жұмыс жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясынан берілген тапсырмалар мен бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүзеге асырылып, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-дегі тиісті бөлімге ақпарат жіберіліп отырады. Оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту және қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру туралы, қайырымдылық, волонтерлік қызметті дамытуға көмектесу туралы, этномедиацияны дамытуға көмектесу туралы, ЭМБ аккредиттеу туралы, этнос жастарымен тәрбие жұмысы және «Жастар ассамблеясы» РҚБ жастар филиалдарын дамыту туралы деректер қамтылады, — деді Базарбай Мамадиярұлы.