Хусейн ағада үлгі алар қасиет көп
Бүгінде елімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың мақсаты — мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, мәдениеті мен тілінің, салт-дәстүрінің дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалынуда. Айтайын дегенім, осындай шаралардың нәтижесінде ұлт өкілдері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осылайша, олар мемлекетіміздің алға қарай ілгерілуіне өз үлестерін қосуда.
Түркістан облысындағы Ассамблея жанында өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар да бар. Осы аталған құрылымдар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жұмыс істеуде.
Сайрам этникалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Ауданда түрлі этномәдени бірлестіктер мерекелік даталарға орай ұйымдастырылған шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласып келеді. Бұл өңірдегі ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқанын көрсетеді.
Орайы келгенде біз түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Хусейн Пазаев туралы айта кетуді жөн көрдік.
Хусейн Пазаев 1980 жылы Қарасу ауылында дүниеге келген. Қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін ол инженерлік-гуманитарлық университетіне оқуға түседі. Онда экология және табиғатты қорғау мамандығын меңгеріп, білімін ары қарай жетілдіру мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне оқуға түседі. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады.
Хусейн Пазаев жоғарғы оқу орнын бітірген соң, Сайрам ауданындағы бұрынғы «Достық» университетінде кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеген. Кейіннен университет жабылған соң, Сайрам ауданындағы М. Сапарбаев атындағы жалпы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өмір жолын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Хусейн Пазаев 2019 жылдан бері Ақсу ауылындағы М. Горький атындағы жалпы орта мектепте директор қызметін абыроймен атқарып келеді.
Сонымен қатар, ол бүгінде ауданда түрік этномәдени орталықтың төрағасы қызметін қатар атқаруда. Хусейн ағаны аудан халқы ерекше құрметтейді. Айта кетейік, ауданда этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде этномәдени бірлестіктер орасан зор рөл атқарады. Олар этносаралық қатынастар саласында пайда болған проблемаларға дер кезінде жауап беруге, тұрғындар арасында ұлтаралық татулықты сақтауға, ауызбіршілікке шақыруға ықпал етеді. Осылайша, этномәдени бірлестіктер мемлекеттік саясат саласында тығыз этносаралық өзара іс-қимылға бағытталған мықты стимулға айналуда.
Кейіпкеріміз жаны жомарт жан. Ол үнемі аз қамтылған отбасыларға көмектесіп, қайырымдылық жасап, көптің алғысына бөленеді. «Бір қолыңмен жасағанды, екінші қолың көрмесін» деген сөз бар емес пе? Хусейн аға өзінің жоқ-жітікке жасаған жақсылығын ешқашан да жария етпейді. Дегенмен, оның жақсылығын, қайырымдылығын ел біледі. Сондықтан да аудан тұрғындары Хусейн ағаның кең пейілді, дархан мінезділігін айтудан жалықпайды.
Хусейн Пазаев аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен қатар, өзі тәлім беретін мектептің дарынды оқушыларын көпке танытудан танған емес. Өзі басшылық етіп отырған мектепте 11 ұлт өкілінің балалары білім алуда. Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайұйымдастырылған әдеби шарада М.Горький атындағы мектептің оқушылары Абайдың өлеңін жарыса оқып, көпшілікті сүйсінткен болатын. Бұл да болса директор Хусейн Пазаевтің іскерлігін, біліктілігін көрсетеді. Оның жаны көркем әдебиетке құмар. Кітапханадан қазақтың ұлы ақындары мен жазушыларының кітаптарын үзбей алып оқып тұрады. «Білім инемен құдық қазғандай»деген мақалды оның аузынан шәкірттері жиі естиміз?
Хусейн ағаның қазақ, түрік тілдерінен бөлек орыс, өзбек, әзірбайжан, араб және ағылшын тілдерін жетік меңгергенін де айта кетейік.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілі өмір сүрген болса, 1970 жылыолардың саны 114-ке көбейге. Ал, 1986 жылы – 120 болса, 1999 жылғы санақ бойынша мемлекетімізде 130-ға жуық этнос өкілі тұратыны анықталған екен. Бүгінде елімізде 140 этнос өкілі бар.
Сайрам ауданында тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олардың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік. Білім, ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүргендері де көп. Соның бірі біздің жоғарыда әңгімемізге арқау еткен кейіпкеріміз – Хусейн Пазаев.