Түркістан облысында 1 келіден астам есірткіні үйінде сақтаған ер азамат ұсталды
Түркістан облысы Полиция департаменті ЕҚҚІҚБ-ның қызметкерлері ірі мөлшерде есірткі сақтау жайтын анықтады. Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру іс-шаралары барысында бұрын сотты болған Арыс қаласының тұрғынын ұстады. Күдіктінің үйін тінту кезінде полицейлер өсімдік тектес есірткі затына ұқсас 20 полиэтилен пакет орамасын тәркілеп алды.
Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жолдады. Қорытындыға сәйкес, әрбір орамадағы есірткінің шамамен 60-70 грамды құраған кептірілген марихуана екені анықталды. Олардың (20 орама) жалпы салмағы 1 келіден асатын «марихуана» есірткісі болып шықты.
Қазіргі уақытта осы жәйт бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.