“Меккеге апарамын” деп тұрғындарға 11 миллион теңге шығын келтірген жетісулық алаяқ ұсталды

Қажы боламын деп, алаяққа алданған жергілікті тұрғын
Сайрам аудандық полиция басқармасына
арызданды. Ер адамның айтуынша, ол 2022 жылдың қазан айында Меккеге кіші қажылыққа 10 күнге апарып әкелемін деген бейтаныс азаматқа сенген. Содан алаяқтың сөзіне иланып, оған ұшу билеті, қонақүй мен тамақтану үшін жалпы 423 000 теңгесін берген. Бірақ уәде орындалмағандықтан, тұрғын полициядан көмек сұрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Осы аралықта полицияға тағы бірнеше тұрғын шағым түсірді.
Ал сайрамдық тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғындарды алдап кеткен адамды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Жәбірленушілердің ақшалары аударылған есепшоттар тыңғылықты тексеріліп, куәлардан жауаптар алынды.
Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Жедел уәкілдер оны Алматы қаласынан ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол Жетісу облысының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті Меккеге барғысы келген 30-дан астам сайрамдық тұрғындардың ақшасын алып, жәбірленушілерге 11 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.
Қазіргі таңда полиция күдіктінің жалпы 14 жайт алаяқтық дерегіне қатыстылығын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде. Күдікті қамауда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *