Жүйрікті жарату – асыл өнер

Қазақ халқы үшін жылқы – төрт түліктің бірі ғана емес, ұлт рухының бір тамыры. Ықылым заманнан бері ат жалын тартып мінген ел тұлпарға тек көлік немесе мал деп қарамаған. Атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, жауынгерлік машыққа үйрету тұтас бір ғылым, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен тектілік мектебі. Атбегілік – қолдың ебі емес, жүректің сезімі мен зерденің салмағын талап ететін өнер. Кентау қаласының маңындағы Бүрген елді мекенінде тұратын Тоқсанбаев Қуаныш Жұматұлы сол көне өнердің бүгінгі жалғаушысы. Ол ат дүбірін бесік жырындай тыңдап өсті. Оның баптаған аттары бәйге сайын топ жарып, алдын бермей жүргенде, жұрт: «Мұның сыры неде?» деп таңдай қағады. Ал шын мәнінде, бұл сиқыр емес, сан жылдық тәлім мен тектілік сабақтастығының жемісі.

Қуаныштың шыққан әулетінің шежіресінде жылқының иісі мен қымыздың дәмі, бәйгенің шаңы мен көкпардың айқайы қатар өрілгендей. Атасы – сол өңірге жылқышы, атбегі ретінде аты шыққан Әбу Тоқсанбаев. Ол кісі аттың сынын дөп басатын, тұлпар болар тайды тай күнінен танитын зерделі жан еді. Қуаныш сол қарияның жанында жүріп, қазақ даласының талай саңлағы ұстанған атбегілік дәстүрді бойына сіңірді.

Әбу ақсақал – соғыстың от-жалынын кешіп, елге аман оралған соң бейбіт тіршіліктің берекесін малдан тапқан адам. Ол үшін атбегілік күнкөріс қана емес, өмірлік ұстаным болатын. Атты сынау мен баптау – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Сын білмеген адам баптай алмайды, ал баптай алмаған жүйріктің бағы жанбайды. Әбу қария осының парқын терең түсінді. Сырдың арғы бетінен бие алдыртып, қымызын сауып, Кентаудың базарына апарып, адал еңбектің нәпақасын терді.

1983 жылы дүниеге келген Қуаныш атасының тәрбиесінде ер жетті. 1985 жылы Сыр бойынан екі құлынды бие келгенде, ол екі жаста ғана болатын. Кейін сол биелердің бірінің құлыны бөлек бітіммен өсіп шықты. Сүйегі мығым, көкірегі кең, тынысы ашық жаратылысының өзі жүйріктікке сұранып тұрғандай еді. Арнайы бап көрмей-ақ, атбегілерше айтсақ шілде көрмей-ақ бәйгеден озып жүрді. Табиғи қуаты мен тегеуріні көзге ұрып тұрды. Кейін сол тұлпарды Өмірзақ есімді азамат төрт қара мен бір тайға сатып алды. 1990 жылы қырғыз елінде Манастың мың жылдығына арнайы өткен аламан бәйгеде ол ат қара үзіп келіп, қазақ атбегілерінің мерейін үстем етті. Жазылмаған мынадай дала заңы бар, яғни атты кім мінсе де, кім сатып алса да, ең алдымен оны баптаған адамның аты аталады. Сол жолы да жұрт «Кентаудан шыққан ат!» деп шулап, Әбу ақсақалдың еңбегін құрметпен еске алды.

Бұлбұлторы атанған сол жүйрік кейін талай қолдан өтті. Абат деген атбегінің қолына барғанда да бәйгенің алдын бермеді. 1993 жылы Түркістандағы үлкен аламанда Шолаққорғанның әйгілі Госпадин атты тұлпарымен қатар келіп, көпшілікті таңырқатты. Қуаныштың айтуынша, ол өзі қарапайым мал соңында жүрген, жілік майы толы, табиғи қуатымен шабатын ат еді. Алайда, тағдыр оны дария жағасында үзіп тынды. Жүйріктің ғұмыры қысқа болғанымен, даңқы ұзаққа созылды.

Ол кезде Қуаныш небәрі бес-алты жаста еді. Бірақ, ат дүбірі оның жүрегіне ерте сіңді. Әбу қариядан тұлпар болар жылқыны тай күнінен тануды, дене бітімі мен жаратылысын жіті бақылауды үйренді. «Алдымен сүйек бітіміне, төсінің кеңдігіне, сирақтарының тік біткеніне, көз жанарының отына қараймыз. Осы сипаттар үйлесім тапса, жүйріктің бағы жануы мүмкін» дейді кейіпкеріміз. Атқан оқтай заулаған аттың тынысын, аяқ алысын жүрегімен сезу нағыз атбегінің ғана қолынан келетін қасиет шығар…

1990 жылдардың басы Тоқсанбаевтар әулетінің аты дүркіреген кезең болды. Қозыкүрең, Қаракер, Қасқа күрең, Көкқұйрық, Көкшолақ, Ташімет қасқа, Саден қасқа, Ақбоз ат, Сұркөжек, Ақжал… бұлардың әрқайсысы Кентау мен Сыр бойының бәйге, көкпар алаңдарын дүбірге бөледі. Бірі төрт қой мен бір атқа, бірі бес қасқаға, енді бірі қап-қап ақшаға сатылды. Бірақ, қай ат қайда кетсе де, олардың түп тамыры осы шаңырақтан тарағаны жұрт жадында қалды.

1992 жылы Кентауда үлкен көкпар өтті. Бес жүз ат тартылған додада Ақжал шаңды қақ жарып, мәре салған сол күн Қуаныштың атбегілік жолындағы алғашқы айшықты белесін көрсеткен сәттей болды. Жеңістің дәмі тәтті болғанымен, тұлпар тағдыры әрдайым тартыспен өрілетінін ол ерте ұқты. Кей жүйрік аяқтан қалып, кейбірі жазылмас жарадан мерт болды.

Қуаныштың жүрегіне Бұлбұлторыдан кейін ерекше жақын болған ат – Гүлсары. Қырғызстаннан әкелінген сары қасқа биеден туған бұл аттың бітімі бөлек, мінезі отты еді. Бір жасқа толғанда нағашыларына апарып тастайды. Онда Мәмәдияр көкесі тай бәйгелерге қосып, бағын сынайды. 2012, 2013, 2014 жылдары тай бәйгеден қалмай келіп, көзге түседі. Кейін Қуаныш оны өз қолына қайта алып, баптай бастайды. «Гүлсары доданың қызуында нағыз айбарын танытты. Қуғанына жеткізбейтін, серпіні бөлек, топты жарып шығатын адуын еді. Тіпті, бір жолы дода үстінде аттың екпініне шыдамаған шабандозы үстінен ауып түскені бар. Түсіме кіргенде Гүлсары құстай қалықтап, иығына келіп қонатын» деп еске алады Қуаныш. Бұл, бәлкім, ат пен адамның арасындағы көзге көрінбейтін, жүрекпен сезілер байланыс болар.

2015 жылы Құмкенттегі көкпарға барғанында оған үлкен жағы «бұл атты бәйгеге қосып көр» деп кеңес береді. Қуаныш оның аламанға шығуға арнайы дайындықсыз екенін біліп тұрғанымен, ағаларының сөзін жерге қалдыра алмай тәуекелге бел байлап тұлпарының бағын сынамақ болады. Алғашқы айналымдарда қара үзіп шыққанымен, кейін аттың екпіні бәсеңдеп, кері шегіне бастайды. Осы кезде Қуаныш Гүлсарыны тізгінінен ұстап, топ ішінен шетке алып шығады. Додадан соң аттың қадірін білетіндер Қуаныштың ізінен қалмай қомақты ақша мен көлік ұсынып, Гүлсарыны беруін сұрайды. Шолаққорғанның жігіттері, тіпті, үйіне дейін келіп, екі ат, екі-ақ жыл жүрілген «Нива» автокөлігін ұсынады. Бірақ, Қуаныш үшін Гүлсары сауда заты емес еді. Ол атын бермеді.

Үйге әкелген соң, ертеңіне бір аяғына жара түскенін байқайды. Көз жара. Молдаға апарып, оқытты. Ем-домын жасады. Түркістандағы тағашы сұрап алып емдеді. Бірақ, ат оңалмады. «Сой да, елге тарат» деген ауыр шешім айтуға тура келді. Жалпы жүйрікті баптау қандай жауапкершілік болса, оның тағдырына тоқтам айту одан да ауыр.

Дегенмен, Қуаныш тұлпар іздеуден танған емес. Кейде көрмей жатып жарты миллион теңге жіберіп, ат алатын тәуекелі бар. Жоғарыда айттық қой, ат тану – оның қанында. Бір қарағаннан мінезін, болашағын болжайды. Біреудің «бұл аттан бес миллион табам» дегеніне сенбей, «мынау адам өлтіреді» деп кесіп айтқаны кейін шындыққа айналған кездері де болған.

2018 жылы Қырғызстаннан құлынды бие әкеліп, одан туған Комиссар атты көкпар аты да талай доданы дүр сілкіндірді. «Ол бір айбыны асқан, қайраты тасыған ат еді. Жетпіс мың долларға сұрағандар табылды. Өзбекстан Республикасы Ташкенттен келіп алып кетуге бел буғандар болды. Өзіміздің шабандоздар оны шетел асырғысы келмей, саудагерлерді жолдан қайтарып жіберіп жатты. Бұған әрине мен қатты ренжідім. Өзіміздің жігіттер ала алмағаннан кейін осындай әрекетке барып, бағасын түсіргісі келген болуы керек. Ақыр соңында баға мен бақ қабыспай, 2025 жылдың көктемінде ол да сойылып, елге таратылды», – дейді Қуаныш.

Бүгінде Қуаныштың қорасында тағы да тайлар байлаулы. Әрқайсысының маңдайында болашақтың табы тұрғандай. Ол аттың сүйегіне, көзіне, тынысына қарап-ақ ертеңін шамалайды. Қуаныш «кейде таң алдында талмаусырап жатқанда түсіме қара төбел ат кіреді. Ат желмен жарысып, кең далада еркін самғайды. Болат тұяқ даланың шаңын жібек шымылдықтай желпілдетіп өтеді. Өзім сол жүйріктің үстінде кетіп бара жатқандай боламын. Енді бірде жүйрік иығыма келіп қонақтайды», — дейді.

Бұйыртса, Қуаныштың қазығы әлі де майланып, дүбірде топ жаратын, шілде көрмей-ақ бәйгеден олжалы келетін тұлпары болады деп жорыдық. Тоқсанбаев қорасынан түлеп ұшар жүйріктер көбейе берсін деп тіледік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *