Ауыл – Ел бесігі: Қазығұртта 12 елді мекендегі 22 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде

Қазығұрт ауданының жол инфрақұрылымы жыл сайын жаңарып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 1 367 шақырымды құрайтын жолдар бар, олардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылып келеді.

Былтыр жолдарды жөндеуге 1,9 миллиард теңге бөлініп, осы қаржыға 1 облыстық маңызы бар, 1 аудандық маңызы бар және 33 ішкі көшелер орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Биылғы жылы да аудан жолдарын жаңарту жалғасуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі.

Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді», — деген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ауыл — Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 905 миллион теңгеге төрт елді мекенде 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен 428 миллион теңгеге 12 елді мекендегі 22 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында инфрақұрылымды дамыту ел экономикасының негізі, ауылды жаңғырту мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты шарты екенін атап өтеді. Қауіпсіз әрі сапалы жолдар халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі серпін береді. Жолдарды жөндеу мен жаңарту жұмыстары Қазығұрт ауданының даму бағытындағы маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындарының сапалы және ыңғайлы жолдарда жүруін қамтамасыз етеді.

Алдағы уақытта да аудандағы жол инфрақұрылымы жаңарып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *