Отырар ауданында Жолдаудағы жеті бағыт бойынша нақты шаралар белгіленді
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған жиын өтті.
Жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алғаш сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұды Президент Жолдауындағы цифрлық даму бағытын, жаңа министрліктің құрылуын, аграрлық сала мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмаларды атап өтті.
Аудан басшысы Жолдаудағы негізгі жеті бағытқа тоқталып, оның әрқайсысының ауданның дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Мұнан соң кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Назгүл Тұрғанбайқызы ауданда инвестиция тарту ісі қарқын алып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша Ағымдағы жылы жалпы құны 37 млрд 300 млн теңгені құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 565 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен бірге, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 700 млн теңгеге артып, жылдық жоспар артығымен орындалған.
Мәжілісте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай ауданымызда 2024-2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып жатқанын хабарлады.
Жиында жарыссөзге шыққан ардагер ұстаз, «Ы.Алтынсарин төс белгісінің» иегері Мәрия Белгібай және тарихшы Бекжан Бейсенбай Жолдауда көтерілген мәселелердің өзектілігін айтып, белгіленген міндеттерді бірлесе атқару қажеттігін, сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы кәсіпкерлікті дамыту, өңдеу өнеркәсібін жетілдіру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтып, Жолдауда көрсетілген әрбір басымдықты орындау арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге болатынын жеткізді.
