Жолдау жүктеген міндет: Келесте уылдырық цехы іске қосылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру міндеттерін ерекше атап өтуде. Бұл бағытта Келес ауданында жүзеге асып жатқан бірқатар жобалар мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық мақсаттардың нақты орындалып жатқанын көрсетеді.

Аудан экономикасының маңызды тармақтарының бірі – балық шаруашылығы. Соңғы жылдары бұл салада тың серпін байқалады. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы жетекшілік ететін «БозСу Балық Шаруашылығы» жобасы. Бұл жоба ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдаланудың айқын үлгісі бола алады. 4,8 гектар аумақта орналасқан шаруашылық 2024 жылы 1 миллион амур шабағын су айдынына жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық өнімін алған. Бұл тек бастамасы ғана еді. Биыл жоба ауқымы кеңейіп, шабақ саны 3 миллионға дейін ұлғайтылды, оның ішінде 600 мың дана сатылымға шығарылып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.

Сонымен қатар, инкубаторлық уылдырық цехы іске қосылып, алғашқы кезеңде 20 келі уылдырық өндірілді. Бұл – отандық балық шаруашылығы саласында сирек кездесетін қадам. Келесі жылы уылдырық көлемін 100 келіге дейін ұлғайту жоспары кәсіпорынның тұрақты әрі ұзақ мерзімді даму бағытын көрсетеді. Президент Жолдауында ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашу мен жастарды жергілікті кәсіпке тарту міндеттері нақты қойылған болатын. «БозСу» кәсіпорны бүгінгі таңда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етіп отыр. Бұл – ауылдан қалаға ағылатын миграцияның алдын алу жолындағы тиімді шешімдердің бірі.

Аудандағы тағы бір ірі жоба – «Көшім» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылықтың аумағы 76,2 гектарды құрайды және жылына 32 тонна балық өндіруде. Жоба жетекшісі Райс Көшімұлы тек балық өсірумен шектелмей, балық өңдеу цехын ұйымдастыру жұмыстарын қатар жүргізуде. Бұл Президент атап өткен қосылған құны жоғары өнім өндіру талабына толық сәйкес келеді. Қожалық 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, бұл жергілікті тұрғындар үшін үлкен қолдау.

Балық шаруашылығынан бөлек, өндірістік бағыттағы жобалар да Келес ауданында дамып келеді. Соның бірі – «Керуен» өндірістік цехы, жетекшісі – Гүлсім Әбдірахманова. Бұл кәсіпорын үй-тұрмыстық химия өнімдерін шығару бағытына ден қойып отыр. Қазіргі таңда зауыт жылына 700–800 тонна өнім өндіріп, 15 адамды жұмыспен қамтуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында импортқа тәуелділікті азайту, отандық өндірісті дамыту керектігін бірнеше рет айтқан. «Керуен» кәсіпорны осы талапқа сай жұмыс атқарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуда өзіндік үлесін қосып келеді.

Жалпы алғанда, Келес ауданында іске асып жатқан бұл жобалар – Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың нақты жүзеге асуының көрінісі. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері арқылы ауыл кәсіпкерлері заманауи жобаларды қолға алып, экономиканың әртараптануына, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына, және тұрғындардың әл-ауқатының артуына нақты үлес қосуда.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осы орайда Келесте атқарылып жатқан жұмыстар – осы сөздердің іске асқан нұсқасы. Шағын ғана ауылда жүзеге асып жатқан жобалар – Қазақстанның барлық өңірлеріне үлгі бола алады. Бұл Президент бастамаларының, Үкімет қолдауының және ең бастысы – жергілікті халықтың еңбегі мен сенімінің нәтижесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *