Жолдау жүктеген міндет: Ордабасы ауданында мақтадан мол өнім алынады
Түркістан облысы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы бойынша елімізде көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Бұл салада облыс республикада бірінші орынды иеленіп, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 13,1 пайызын өндіреді. Осындай жетістіктер Ордабасы ауданының да әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Ауданның 2025 жылғы жоспарлары мен ағымдағы жылдың жетістіктері бұл өсудің нақты дәлелі болып табылады.
Ордабасы ауданының экономикалық көрсеткіштерін талдасақ. Ағымдағы жылдың 7 айында жалпы өңірлік өнімнің көлемі 100,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 56,1%-ға өскені айқын байқалады (2024 жылы – 64,4 млрд. теңге). Бұл өсім аудан экономикасының тұрақты дамуында үлкен рөл атқарады. Биылғы жылы жалпы өңірлік өнімді 196,4 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл мақсатқа жету аудандағы өндірістік әлеуеттің нығаюына негізделген.
Ауыл шаруашылығы саласы да аудандағы негізгі дамушы бағыттардың бірі болып қала береді. Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері 23,5 млрд. теңгеге өндірілді, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 99,1 пайызды құрады. Аудан республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі бойынша 13-орында тұр және оның үлесі 6,7 пайызды құрайды. 2025 жылға бұл көрсеткішті 77,0 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарлануда, яғни нақты көлем индексі 105,0 пайыз болмақ.
Көктемгі егіс науқаны кезінде аудан аумағында 71 779 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістіктерді суғару жұмыстары заманауи су үнемдеу технологиялары арқылы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 1 333 гектарға суғару жүйелері енгізіліп, оның ішінде 1 188 гектары тамшылатып, 145 гектары жаңбырлатып суғару жүйелерінен құралған. Жеңіс ауыл округінде орналасқан «ПКА Дала» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 600 гектар жерге қытайлық технологияларды пайдаланып мақта егуді қолға алып, әр гектардан 60-65 центнер өнім алу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жылыжай шаруашылығы да ауданда қарқынды дамып келеді. Жалпы жылыжайларда 129,4 гектар жерде 11 646 тонна көкөніс өндірілуде. Әсіресе, Шұбарсу ауыл округінде арнайы жылыжай кешені үшін 15 гектар жер бөлініп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 30 азаматқа 250 млн. теңгеге жуық қаржы берілді.
Мал шаруашылығында ең өзекті мәселелердің бірі – жайылымдық жерлердің тапшылығы. Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер көлемі 110 543 гектар болса, оның 25 626 гектары 2019-2024 жылдары елді мекендерге ортақ жайылым ретінде бекітілген. Ауданда жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану және кеңейту мақсатында нақты шаралар қабылданып, 2025 жылы 3 500 гектар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жоспарланған. Қазірге дейін 1 826 гектар жер аудандық қорға қайтарылып, бұл жұмыс 52 пайызға орындалған.
Бұл әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері Ордабасы ауданының аграрлық әлеуетін нығайтып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы көшбасшылық позицияларын одан әрі бекітуге мүмкіндік береді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикалық өсімінің негізгі драйвері» екенін ерекше атап, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлердегі өндірісті кеңейту мен жаңғыртуға баса мән беру қажеттігін бірнеше рет айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығын жаңғырту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты стратегиялық міндеттеріміздің бірі». Сондай-ақ, Президенттің Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ, су ресурстарын тиімді пайдаланып, жаңа суғару жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылған.
«Ауыл шаруашылығында өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін ең алдымен заманауи технологияларды енгізу қажет. Мақсат – әрбір гектардан максималды өнім алу және ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін әрбір азаматтың табысын арттыру», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осы мақсатта Ордабасы ауданында суғару технологиялары, оның ішінде тамшылатып суғару жүйелерінің кеңінен қолданылуы, мақта егісінің көлемін ұлғайту мен өнімділікті арттыруға бағытталған қытайлық инновациялық әдістердің енгізілуі осы стратегиялық бағыттың нақты көрінісі болып табылады.
Қорытындылай келе айтарымыз, Ордабасы ауданының өндірістік қуаты мен табиғи ресурстарын тиімді пайдалану арқылы алдағы жылдары өңірдің даму деңгейі одан әрі нығая түседі.
