Жолдау жүктеген міндет: Отырар ауданында медициналық қызмет сапасы артып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің аса маңызды компоненті. Әрбір азамат сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі тиіс», – деп атап өткен болатын. Осы бағытта Отырар ауданында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда ауданда 36 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатарында 1 аудандық аурухана, 1 емхана,14 дәрігерлік амбулатория (ДА), 8 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 12 медициналық пункт (МП), 1 жедел жәрдем бекеті бар.
Аудандағы медициналық жабдықталу көрсеткіші 85,54 пайызды құрап отыр. Бұл – өңір медицинасының материалдық-техникалық базасының тұрақты түрде жаңартылып жатқанын айғақтайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Аққұм және Шытты елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсету жолға қойылды.
Бұл медициналық нысандар заман талабына сай жабдықталған. Енді шалғай ауыл тұрғындары сапалы алғашқы медициналық көмекті өз ауылында-ақ ала алады. Бұл өз кезегінде науқастарды уақытылы анықтап, ерте кезеңде емдеу мүмкіндігін арттырды.
Аудан тұрғындарының өмірін сақтау жолында жедел медициналық көмектің маңызы зор. Осы орайда аудандық ауруханаға демеушілер есебінен 3 жаңа арнайы жабдықталған жедел жәрдем көлігі алынып, қызмет сапасы едәуір жақсарды. Бұл көліктер заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, шұғыл жағдайда қажетті көмек көрсетуге толық мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында айтылған «Медицина саласына жаңа технологияларды енгізу – халықтың сенімін арттырудың басты жолы» деген қағидаға сай, Отырар ауданында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Медицина саласындағы бұрмалаушылықтың алдын алу, жалған құжаттарды жою мақсатында Face-ID жүйесі енгізілді. Бұл жүйе пациентке нақты медициналық көмек көрсетілгенін тіркейді. Ауруханадағы барлық дәрігерлік қабылдау бөлмелеріне веб-камералар орнатылып, бүгінгі таңда дәрігерлер науқастарды Face-ID жүйесі арқылы қабылдап отыр.
Бұл жүйе арқылы әрбір медициналық қызметтің шынайылығы расталады. Пациенттің қабылдау уақыты мен көрсетілген қызметі нақты тіркеледі. Сонымен қатар, ашықтық пен есептілік қамтамасыз етіледі.
Халыққа ыңғайлы болу үшін медициналық қызметтердің біраз бөлігі электрондық форматқа ауыстырылды. Тұрғындар бүгінде «DamuMed» мобильді қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ дәрігерге жазыла алады, талдау нәтижелерін онлайн көре алады, қабылданған ем-дом мен қызмет тарихын бақылап отыра алады. Бұл – науқас пен медицина қызметкерінің арасындағы байланысты жеңілдетіп қана қоймай, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Отырар ауданында денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға жаңарып, заманауи талаптарға сай бейімделіп келеді. Медициналық инфрақұрылымның дамуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі және кадрлық әлеуеттің нығаюы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты шаралар болып табылады.
