Түркістан облысында 2000-нан астам жол белгілері талапқа сай емес
Түркістан облысында 2000-нан астам жол белгілері талапқа сай емес. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Түркістан облысы филиалының инженері Данияр Камалов мәлімдеді.
Өткен жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Түркістан филиалының қызметкерлері 430 шақырымды құрайтын трассадағы жол белгілерін тексеруден өткізген. Нәтижесінде тексерілген республикалық маңызы бар автожолдардағы 3744 жол белгісінің 2355- і талапқа сәйкес келмепті. Баршасының жарық қайтарғыш коэффициенті нормадағы көрсеткіштермен үйлеспеген.
«Бүгінде «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің Түркістан өңірі тұсын күтіп баптаумен үш мекеме айналысады. Олар «Қазавтожол», «Бәйтерек ЛБ» және «Шымкентдорстрой» ЖШС. Жол белгілерін де орнататын сол мекеме қызметкерлері. Анықталған ақаулар бойынша баршасына нұсқама берілді», — деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Түркістан облысы филиалының инженері Данияр Камалов.