Су саласы мамандықтарына бөлінетін грант саны ұлғайды

Су шаруашылығы кәсіпорындарында 10 мыңға жуық маман қызмет етеді. Жаңа құрылыс нысандарының салынуына байланысты және су шаруашылығы саласы жұмыскерлерінің жасына жасалған талдау нәтижесінде алдағы 4-5 жылда су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 2 мыңдай адамды құрамақ. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпованың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлауынша, саладағы білікті мамандардың тапшылығын шешу мақсатында 2024 жылғы шілдеде «Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды.
Сондай-ақ су шаруашылығының кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтетін студенттердің саны артты. Салыстыру үшін, өткен жылы практикадан 82 студент өтсе, ағымдағы жылы практикадан өткен студенттердің саны 339, оның ішінде 288 университет, 51 колледж студенттері. Спикердің айтуынша, су саласы мамандықтарына бөлінетін білім гранттарының саны артты.
«2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде барлығы 1052 грант бөлінді. Бір жыл бұрын су саласының мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр»,-деді Л.Жүсіпова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *