Келесте жолды сақтау мен экологияны жақсартуға арналған жаңа тәсіл енгізілді
Келес ауданында жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың жол инфрақұрылымына кері әсерін азайту мақсатында жаңа технология – аэрация әдісімен асфальт жабындарын суару жүйесі енгізілді. Ауа температурасы +30°C-тан асқанда қолданылатын бұл тәсіл жолдың қызуын азайтып, оның техникалық жағдайын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл әдіс аудан орталығы – Абай ауылындағы негізгі көшелерде жүйелі түрде іске асуда.
Аэрация – суды ұсақ тамшыларға айналдырып, жоғары қысыммен ауаға шашу арқылы жол жабындарын біркелкі суаруға мүмкіндік беретін технология. Мұндай әдіспен асфальттың беті шамадан тыс қызып кетпейді, нәтижесінде жолдың жарылып, бүліну қаупі төмендейді. Сонымен қатар, бұл суару әдісі жол бойындағы гүлзарлар мен жасыл желектерді де ылғалмен қамтамасыз етіп, өсімдіктерді ыстықтан қорғауға сеп болады.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындардың өмір сапасын арттыру және қауіпсіз, жайлы инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылуда. Президент өз Жолдауында: «Ауа райының өзгеруіне байланысты өңірлік инфрақұрылымды бейімдеу мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе, жол-көлік инфрақұрылымының сапасы мен ұзақмерзімділігіне мән берілуі керек», – деген болатын.
Келесте бұл бағытта нақты істер қолға алынған. Аэрация әдісін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен арнайы мердігер мекеме жүзеге асыруда. Су шашу машиналары белгіленген кесте бойынша жолдарды суарып, ауадағы шаң деңгейін төмендетеді. Бұл тек жолдың сапасын ғана емес, жалпы экологиялық ахуалды да жақсартуға септігін тигізуде.
Жаңа тәсіл су үнемдеу мен қайта пайдалану принциптеріне де негізделген. Арнайы сүзгіден өткен техникалық су қолданылады. Тұрғындар тарапынан бұл жаңашыл әдіс оң бағаланып отыр: көше бойында шаң азайды, жол беті салқындап, көлік қозғалысы да біршама жайлы бола түсті.
Аэрация әдісі тек жазғы маусымға бейімделу емес, сонымен қатар ұзақмерзімді жол сапасын қамтамасыз ету, экологияны жақсарту және ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру қадамы. Алдағы уақытта бұл әдіс өзге де ауылдық округтерде кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілмек.