«Ауыл – ел бесігі» және өңірдегі өзгерістер
Түркістан облысы мен оның аймақтары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған стратегиялық бағыттары мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдауларымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында ауылды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың өмір сапасын жақсарту мәселелері ерекше назарда. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы.
Бұл бағдарлама аясында облыстық бюджеттен бөлінген 528,2 млн теңге қаржыға 15 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның мақсаты – ауылдық елді мекендердің көлік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету, жол қауіпсіздігін арттыру және ауылдың дамуына серпін беру. Жөнделген көшелердің ұзындығы 12,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты 10 көше (Я.Мырзабаев, Т.Кенесариев, Абай, Ақшағала, Ғ.Мұратбаев, Еңбекші, С.Сейфуллин, А.Әлімбетов, С.Шорабеков және Шардара елді мекеніндегі көшелер) бар. Бұл аудандағы көшелердің жалпы ұзындығы 10,6 шақырым. Сонымен қатар, Алатау батыр ауылдық округіне қарайтын Қазақстан ауылының 5 көшесінде (Атамекен, Ынтымақ, Алмалы, Парасат, Самал) орташа жөндеу жүргізіліп, бұл 1,99 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда аталған нысандар «Строительная компания Строймонтаж» ЖШС мердігерлік ұйымы арқылы сапалы әрі уақытылы аяқталуда, ал техникалық қадағалаушы қызметін «Bereke Ekspert» ЖШС жүзеге асыруда. Жөндеу жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау кезеңі жүріп жатыр.
Бұл инфрақұрылымдық жұмыстар елді мекендердің дамуында маңызды рөл атқарады. Себебі жолдардың сапасы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді. Қолайлы жолдар ауылды елдің қаласына, мектепке, емханаға, сауда нүктелеріне қолжетімділікті арттырып, ауылдың заманауи инфрақұрылымға сай дамуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне жағдай жасайды, ауылдағы өмір сүру деңгейін жақсартады. Сонымен қатар, Шардара ауданында Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық аудандық жол орташа жөндеуден өткізіледі. Бұл бағытқа 483 млн теңге бөлініп, оның 100 млн теңгесі ағымдағы кезеңде игерілу үстінде. Жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер ретінде «Строительная компания Строймонтаж» ЖШС таңдалған. Бұл жоба 2026 жылға өтпелі. Жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ауданның ішкі және сыртқы байланыстары нығаяды, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалы жеңілдейді және өңірдің жалпы экономикалық әлеуеті артады. Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі ауыл инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта мемлекет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жан-жақты қолдау көрсетіліп, қаржыландыру тетіктері әзірленуде. Түркістан облысының әкімдігі де бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, жобалардың сапалы орындалуына баса назар аударылып келеді.
Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына берген қолдауы ауылдық жерлердің дамуына жаңа серпін беріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, олардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік туғызады. Бұл бағдарлама аясында тек жол жөндеумен шектелмей, су, газ, электр энергиясы және әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Мұның бәрі ауылдардың заманауи инфрақұрылымға ие болып, жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне, ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашады. Түркістан облысының осы бағыттағы жетістіктері Мемлекет басшысының тұрақты қолдауымен, Парламент пен Үкіметтің бекіткен стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларының нәтижесінде жүзеге асуда. Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» аясындағы жобалар ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады. Осы бағдарламаның іске асырылуы Түркістан облысының болашағын нығайтып, елдің экономикалық дамуына маңызды үлес қосады. Ауылдардың көркеюі өңірдің жалпы дамуына септігін тигізіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттырады.