«АРДАГЕР ӨСИЕТІ» МАРАФОНЫ ОРДАБАСЫДА ЖАЛҒАСУДА
Ауданымызда Түркістан облысы бойынша өтіп жатқан «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны жалғасын тапты. Аталған іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Марафон аясында ауданымызға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы бастаған делегация арнайы іссапармен келді.
Іс-шара барысында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, өңірдің қадірлі қариясы Мұратов Қалмен атамызға құрмет көрсетілді.
Ардагерге «Ардагер өсиеті» марафонының арнайы хаты табысталды;
Ардагерге тәттілер себеті мен сый-сияпаттар ұсынылды;
Жастарға ардагер өсиетін жеткізу мақсатында ерекше естелік фотосуреттер мен бейнематериалдар дайындалды.
Марафонның басты мақсаты — жастар мен ардагерлер арасындағы рухани сабақтастықты нығайту, Отан тарихын дәріптеу, елдік пен ерліктің үлгісін көрсету.
«Бұл тек марафон ғана емес – бұл елдік өсиет, аманат. Ардагерлердің өмір жолы мен тағылымы – әрбір жас үшін тәрбие мектебі. Жастар бұл аманатты болашаққа жеткізуші буын болуы керек», – деді Пердебек Сержанұлы.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі