Түлкібастық мектеп үшін «Әділетті Қазақстан» жолындағы табысты жыл болды

Биыл Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектеп үшін ерекше табысты жыл болды. Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: Адалдық, Бірлік, Өрлеу» тұжырымдамасына негізделген бастамалары мектеп жұмысының басты бағыт-бағдарына айналды. Мемлекет басшысының білім беру саласындағы реформалары мектептің инфрақұрылымдық және тәрбиелік дамуын айқындап берді.

Мектеп директоры Ерғали Толымбеков Досмаханбетұлының бастамасымен оқу орны жаңа деңгейге көтерілді. Мектеп сыртқы қаптамасы жаңартылып, кабинеттер заманауи стильде безендірілді. Бұл – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жергілікті деңгейде нақты іске асуының көрінісі. Білім алушыларға арналған жаңа гардероб пен ауладағы демалыс орындықтары оқушы игілігіне бағытталған игі қадам болды. Оқу мекемесінде бірқатар әлеуметтік-маңызды жобалар жүзеге асты. Мектеп асханасына қосымша раковиналар орнатылып, санитарлық жағдай жақсарды. Аула күл-қоқыстан тазарды, бұл оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ақсу-Жабағылы қорығының танымдық бұрышының ашылуы экологиялық білім беру бағытының нақты көрінісі. Білім ордасында «Ата-аналар қолдау орталығы» мен «Біртұтас тәрбие бұрышының» ашылуы – Президент бастамасындағы «Отбасылық тәрбие» мен «Жалпыұлттық құндылықтарды жаңғырту» қағидаттарының іске асуы. Мектеп миссиясының бекітілуі – даму бағыттарының айқындалуы. 120 түп грейг қызғалдағы отырғызылып, табиғат пен мәдени мұраны сақтау ісіне мектеп ұжымы мен оқушылар белсене қатысты. Бұл – Мемлекет басшысының «Ұлт болмысының өзегі – табиғатпен үйлесім» идеясына сай бастама.Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған жаңартылған ескерткіш – ел тарихына, ұлттық патриотизмге деген құрметтің жарқын белгісі. Бұл – Президент Жолдауларында жиі айтылатын «Ұлттың жаңа болмысы» мен жас ұрпақты тарихи санаға тәрбиелеудің көрінісі.

Бүгінгі мектеп – ертеңгі ел тірегі. Ә.Молдағұлова мектебі бұл миссияны абыроймен атқарып келеді. Әрбір іске асқан жоба – ұжымның жүйелі жұмысы мен қоғамның қолдауын көрсетеді. Мектептің жетістіктері – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен тәрбиені ұлттық құндылықтардың өзегіне айналдыру жөніндегі ұстанымына нақты жауап. Президент жолдауларында көтерілген цифрландыру, білім беру сапасын арттыру, тәрбиелік әлеуетті күшейту секілді басым бағыттар бұл мектеп тәжірибесінде нақты жүзеге асуда. Ұжымның ұстанымы – «Білім мен тәрбие қатар жүруі керек». Осы мақсатта оқу орындары тек білім берумен шектелмей, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауы тиіс. Ә.Молдағұлова мектебінде қолға алынған жұмыстар – осы мақсаттың орындалып жатқандығының айғағы. Алда бұл бастамалар жалғасып, мектеп жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз. Бұл жетістіктер – ұлт болашағы үшін атқарылып жатқан тың әрі табысты істердің жарқын үлгісі. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да ел дамуына үлес қосатын саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп ұстанады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *