АРЫСТЫҚ ТҰРҒЫНДАР ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША КЕҢЕС АЛДЫ
Қазіргі таңда Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде даму жолын жалғастырып келеді. Бұл бағытта әрбір азаматтың құқықтық сауаты мен мәдениеті – әділетті және өркениетті қоғам құрудың негізгі тірегі. Құқықтық мәдениет – бұл тек заңдарды білу емес, сонымен қатар оларды күнделікті өмірде қолдана білу, өз құқығыңды бұзбай, өзгелердің де құқығына құрметпен қарау.
Осы мақсатта Түркістан облысы, Арыс қаласында тұрғындарға арналған қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар-кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында тұрғындар жиі кездесетін қаржылық қиындықтар, алаяқтық әрекеттерден сақтану, несие шарттарын дұрыс түсіну жолдары, есеп-шоттарды бұғаттан босату үшін не істеу керектігі және оны шешудің нақты құқықтық жолдары жөнінде кәсіби кеңес алды.
Кездесуге «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай және педагог-психолог, психологиялық-педагогикалық бағытта кеңес беруші маман Шара Абдирахманова қатысты. Спикерлер тұрғындарға түрлі алаяқтық жолдардан сақтану бойынша дәріс оқыды.
Кездесу ашық әрі еркін форматта өтті. Тұрғындар мамандарға өздерін мазалаған нақты сұрақтарын қойып, өмірлік маңызы бар пайдалы кеңестер алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын жоғары бағалап, осындай еркін диалог алаңдарының жиі ұйымдастырылып тұруын қалайтындарын жеткізді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі