Шекара аймағын тәртіпке келтіру талқыланды

Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс. Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарыағаш ауданынағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады. Осы мақсатта өңір басшысы кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті.

– Сарыағаш ауданының әлеуеті жоғары. Шекараның мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Қызмет көрсету орындарын жүйелеп, ретке келтіру керек. Кәсіпкерлікті заңдастыру маңызды, – деген Дархан Амангелдіұлы барлық құзырлы орган басшыларының қатысуымен өңірлік жедел штабтың көшпелі мәжілісін өткізді. Онда заңсыз сауданы тоқтатып, шекара аймағын тәртіпке келтіруді күшейту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Штаб отырысында шекара маңын бірнеше ірі кәсіпкер меншіктеп алғаны ашық айтылды. Маңызды мәселенің түйінін тарқатпақ болғандар бұл күресті жан-жақты жүргізуге келісті.

Жедел штаб отырысында заңсыз құрылыстың жолын кесіп, шекара аймағындағы шетел валютасын заңсыз айырбастауды реттеу, контрабанда мен өзге де қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ құзырлы орган басшылары мұндағы заңсыз тауар айналымы мен заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес жайлы да мәлімдеді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *