Сарыағашта 10 «Жайлы мектеп» салынуда
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында осы бағытта 10 мектеп салу жоспарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Телемұнара» шағынауданындағы 900 орынды білім ошағының құрылыс алаңына барды. Мердігерлермен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Нақты міндеттер жүктеді.
– Білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою – маңызды іс. Жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер. Ешқандай кемшілік, қателік болмауы тиіс. Құрылыс қатаң қадағалауда тұр, – деді өңір басшысы.
Құрылыс нысанында қазіргі уақытта 80 адам жұмыс істеп жатыр. Б және Г блогында іргетас құю жұмыстары толығымен аяқталған. Жертөле қабырғалары құйылып, жабын қабаттарының темір-бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Ал, В блогында кірпіш қаланып жатыр.
Сарыағаш ауданында өзге де білім нысандары салынып жатыр.
Б.Оспанов көшесінің бойынан А.Сүлейменов атындағы 300 орынды мектептің құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар Дербісек, Жаскешу елді мекендерінде аталған жоба аясында мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Биыл «Самал-3» мөлтек-ауданынан 1500 орынды мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.