«Өрт–2025»: Кентауда оқу-жаттығу сәтті өтті

Кентау қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында «Өрт–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов пен азаматтық қорғау саласының тиісті құрылымдары қатысты.

Бұл оқу-жаттығудың басты мақсаты – өрт пен өзге де төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету жүйесін тексеру, жауапты қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын пысықтау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Оқу-жаттығуға қалалық азаматтық қорғаныс қызметтері, өрт сөндіру бөлімшелері, шұғыл әрекет ету жасақтары және басқа да мүдделі құрылымдар жұмылдырылды. Жаттығу аясында түрлі сценарийлер бойынша тактикалық тапсырмалар орындалып, қызметтердің жедел әрекет етуі мен үйлесімділігі бағаланды.

Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов оқу-жаттығу барысын бақылап, мұндай дайындық шараларының маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Төтенше жағдай туындаған жағдайда уақытында әрі үйлесімді әрекет ету – адам өмірі мен қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан әр құрылым нақты әрі кәсіби дайын болуы тиіс. Алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек», – деді Ғалымжан Төлепов.

Оқу-жаттығу қорытындысында қала әкімінің орынбасары жауапты мекемелерге алдын алу шараларын күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, сондай-ақ халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *