Кентау қаласының ауыз су және кәріз инфрақұрылымы жаңғыртылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымдық мәселелерді түбегейлі шешуді тапсырды. Президент өз сөзінде «Ауыз су – адамдардың денсаулығы мен өмірінің негізі. Сондықтан өңірлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп атап көрсетті.
Осы бағытта Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында және оған қарасты ауылдық елді мекендерде тұрғындарды сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100 пайыз ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз етілген. Жалпы абонент саны – 26 000, тәуліктік ауыз су тұтыну көлемі – 32 000 м³.
Қала мен ауылдардағы су құбырының жалпы ұзындығы – 1235,6 шақырым. Ауыз су Мырғалымсай кен орны, Біресек-Хантағы және Байылдыр су тоғандарынан жеткізіледі. Бұл көздер өңірді тұрақты әрі сапалы сумен қамтуға толық мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Кентау қаласының сумен қамту жүйесін жаңғыртуға бағытталған екі жоба әзірленуде. Орайы келгенде жобаларға кеңірек тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. «Кентау қаласында су құбыры мен су қоймасын қайта жаңарту» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 7,2 млрд теңге. Қазіргі таңда Біресек су станциясының қуаттылығы 7200 м³/тәу болса, жобалық шешім бойынша бұл көрсеткіш 18 400 м³/тәу деңгейіне дейін ұлғайтылмақ. Бұл көрсеткіш қаланың орташа тәуліктік су тұтыну көлемі – 17 638,45 м³/тәу қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Жобаның су құбыры ұзындығы 25,9 шақырымды құрайды. Салынатын су қоймалары – 4 дана, әрқайсысы 5000 м³. Жобалаушы мекеме – «МПК Проект» ЖШС-і. Келісімшарт құны – 70,1 млн теңге.
Екіншісі, 2. «Кентау қаласының су өткізгіш тораптары құрылысы (IV кезең)» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Жобаның болжамды құны – 5,6 млрд теңге. Жылдық су тұтыну – 772,13 мың м³, ал жобаланатын су трассасының ұзындығы – 86,9 шақырым.
Кентау қаласындағы кәріз жүйесі алғаш рет 1955-1960 жылдары салынған. Қазіргі уақытта қалада 124,2 шақырым кәріз жүйесі бар, оның ішінде ескі желілер 97,7 шақырымды құрайды. Жаңа мөлтек аудандар 26,5 шақырымды құрайды. Кәріз сорғы станциясының өнімділігі – 14,5 мың м³/тәу. Қала тұрғындарының 78,1% орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Дегенмен, қалаға қарасты ауылдық елді мекендер әлі де орталық жүйеге қосылмаған.
Халықты толық қамту мақсатында «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» жобасы қолға алынуда. Қуаттылығы – 15 000 м³/тәу. Жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 100,8 млн теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Инфрақұрылым – ел дамуының күретамыры. Сумен, газбен, электрмен және жолмен қамтамасыз ету – бұл жай ғана инженерлік жүйе емес, халықтың әл-ауқаты мен болашағына инвестиция» деп атап өткен болатын. Кентау қаласында және оған қарасты ауылдарда жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар – осы тапсырмалардың нақты көрінісі. Жобалар толық жүзеге асқанда, қала тұрғындарының тұрмысы жақсарып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму жаңа серпін алады.