Кентау қаласында электр жүйелері жаңғыртылып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Энергетика саласындағы инфрақұрылым – бұл экономиканың негізі. Халықты сапалы электр қуатымен қамту – ел дамуының стратегиялық міндеті» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндетке сай Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер бүгінгі таңда 100 пайыз орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Бұл – өңірдегі инфрақұрылымның тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды көрсеткіштердің бірі.
Қазіргі таңда қала аумағында 26 000 абонент электр қуатын тұрақты тұтынып отыр. Жалпы тұтыну мөлшері 18–21 мВт/сағат көлемінде. Кентау қаласының электр инфрақұрылымына 165,29 шақырым 10/6 кВ әуе желілері, 381,38 шақырым 0,4 кВ әуе желілері және 2 дана 220 кВ жоғары кернеулі қосалқы станция («Кентау», «Мырғалымсай»), 10 дана 110/35/6 кВ қосалқы станциялар мен 210 дана әртүрлі типтегі трансформаторлар (10/6/0,4 кВ) кіреді.
Қосалқы станциялардың жағдайы туралы айтар болсақ, қаланы электрмен қамтамасыз етіп тұрған екі негізгі 220 кВ қосалқы станция («Кентау», «Мырғалымсай») «KEGOC» АҚ теңгерімінде. Алайда, олар бүгінде айтарлықтай тозған. Атап айтар болсақ, «Мырғалымсай» қосалқы станциясы 1961 жылы салынған, тозу деңгейі – 90%, «Кентау» қосалқы станциясы тозу деңгейі – 68%, «Мырғалымсай» станциясында қуаттылығы 60 және 63 мВт болатын екі трансформатор орнатылған. Қосалқы станцияның жалпы қуаттылығы 123 мВт, ал орташа жүктемесі – 30%.
2025 жылға арналған «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Кентау электр желілері» инвестициялық бағдарламасы аясында бірқатар маңызды жаңғырту және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қосалқы станциялар ПС 35/6 кВ «Гормолзавод» (тозу деңгейі 80%), ПС 35/10 кВ «Атабай» (тозу деңгейі 85%) жөнделуде. ВЛ-6 кВ – 7,193 шақырым, ВЛ-0,4 кВ – 10,877 шақырым әуе электр желілері қайта жаңғыртылуда. КЛ-6 кВ – жалпы ұзындығы 0,79 шақырым, КЛ-0,4 кВ – 0,6 шақырым (Момышұлы, Яссауи, Төле би көшелерінде) кабельдік желілер жаңартылуда.
КТПН-5 (10/0,4 кВ, 400 кВА), КТПН-78 (6/0,4 кВ, 400 кВА), КТПН-16 (6/0,4 кВ, 630 кВА), КТПН-39 (10/0,4 кВ, 400 кВА) трансформаторлық қосалқы станциялар жаңартылуда. Сонымен қатар, КТП-6 – 4,32 шақырым, КТП-7 – 1,957 шақырым және МТП-60 – 4,6 шақырым 0,4 кВ әуе желілері СИП кабель арқылы жаңартылады.
Электр энергиясына деген сұраныс күн санап артып келеді. Осыған байланысты Кентау қаласында инфрақұрылымын жақсарту және тозығы жеткен жүйелерді жаңарту – аса өзекті міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Энергия – экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басым бағыт». Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендердің тұрғындары үздіксіз электр қуатымен қамтылып отыр. Алдағы жылдары толық жаңғыртылған электр жүйесі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.