Кентауда тұрғын үймен қамту жүйелі түрде жүргізілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Әлеуметтік саясаттың басты міндеті – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Оның ішінде баспана мәселесін шешу – мемлекеттің басым бағыттарының бірі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, Кентау қаласында тұрғын үймен қамту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, жалдамалы пәтерлердің тиімді пайдаланылуын бақылау және апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Айталық, ағымдағы жылы 120 азаматқа тұрғын үй кілттері табысталды, оның ішінде 56 пәтер жаңадан салынған үш қабатты тұрғын үйден берілсе, қалған 64 пәтер Кентау қалалық Құрылыс бөлімі арқылы сатып алынған.
Бұл – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілік пен тұрғын үймен қамту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанының айқын дәлелі.
Қазіргі таңда Кентау қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде 5147 азамат тіркелген. Кезекке тұрған азаматтардың деректері ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 71-бабына сәйкес жыл сайын түгендеуден өткізіледі. Түгендеу SMS-хабарлама арқылы азаматтардың келісімімен жүзеге асырылады. Базадан сәйкессіздік табылған жағдайда, заң талаптарына сай кезектен шығару жүргізіледі.
Мемлекеттік тарапынан берілген пәтерлерді жалға беріп, өздері тұрып жатпаған фактілер анықталуда. Осыған байланысты коммуналдық меншіктегі үйлердің жай-күйіне тексеріс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тексеру нәтижесінде АКТ толтырылып, қажет жағдайда сот шешімі арқылы пәтерді кері қайтару іс-шаралары жүзеге асырылады.
Қаладағы 108 пәтер жекешелендірілген. Алайда, тұрғындардың алғашқы 30% жарнасының болмауы себепті бұл жұмыс баяу қарқынмен жүргізілуде.
2025 жылы жекешелендіру бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.
Мемлекеттік қолдау аясында жалдау ақысына субсидия алған азаматтар арасында пәтерде тұрмай, туыстарының үйлерінде тұру фактілері анықталуда. Осыған байланысты ай сайын мониторинг жүргізіліп, акт толтырылып, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасына жолдануда.
Кентауда тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібі бекітілуде. Жергілікті мәслихат шешімімен нормативтік құқықтық акт қабылданып, бюджеттен қаражат бөлу көзделіп отыр. Бұл — тұрғын үй алуға шамасы жетпейтіндер үшін үлкен қолдау.
Қаладағы апатты үйлерді анықтау және оларды босатып, коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, С.Сейфуллин көшесіндегі №10 көпқабатты тұрғын үйді бұзу және коммуналдық меншікке өткізу 2024 жылы жүзеге асырылады.
Тұрғын үй – адамның ең басты қажеттілігі. Кентау қаласында бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар – мемлекет пен жергілікті биліктің әлеуметтік әділеттілікке деген ұстанымының жарқын көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын негізге ала отырып, тұрғын үймен қамтудағы ашықтық, әділдік және тиімділік қағидалары күн тәртібінен түспейді.