Кентауда жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Кентау қаласында стратегиялық маңызға ие №5 Жылу-энерго орталығын қайта жаңғырту жұмыстары қызу қарқынмен жалғасуда. Қала тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шаралар қолға алынып, жоба партия бақылауына алынған.
Ауқымды реконструкция аясында жылу орталығының қазандықтарын жаңарту, турбогенераторын жөндеу, магистральды жылу жүйелерін қалпына келтіру және қосалқы станциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асуда. Бұл процестер «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арқылы жүзеге асып жатыр және партиялық бақылауда.
Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы қадағалап отыр. Партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев құрылыс алаңдарын аралап, өндірістік кешеннің негізгі буындарының – ішкі орам жылу жүйелерінің – қайта құру барысымен танысты.
Жауапты мамандармен кездесіп, нақты өндірістік мәселелер бойынша пікір алмасқан Алтынсары Үмбетәлиев бұл жұмыстардың тұрғындар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда:
- Бірінші кезең – жалпы ұзындығы 22,2 шақырым ішкі орам жылу жүйелерін жаңарту;
- Екінші кезең – қосымша 44,8 шақырым жылу желісін жаңғырту.
Құрылыс бригадалары тозығы жеткен жер асты құбырларын толық демонтаждап, орнына жаңа, заманауи құбырлар орнатуда. Бұл жұмыстар нәтижесінде Кентау қаласының көпқабатты үйлері мен әлеуметтік нысандары тиімді әрі сенімді жылу жүйесіне қосылады.
Құрылыс жұмыстарын бақылау кезінде партия өкілдері қала тұрғындарымен де жүздесті. Тұрғындарға қолайсыздықтардың тек уақытша екені, барлық қазылған жерлер жылу жүйелері сынақтан өткен соң ғана жабылатыны түсіндірілді.
«Қазіргі жұмыстар – болашақтың кепілі. Аулалар уақытша бүлінгенімен, жобаның соңында толық қалпына келтіріледі,» – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Тұрғындар өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық білдіріп, қаладағы жылу беру сапасының едәуір жақсарғанын атап өтті. Биылғы қысты қиындықсыз өткергендерін айтып, мердігерлер мен жергілікті билікке алғыс білдірді.