Кентаулықтар тұрғын үй бағдарламаларымен танысты
Кентау қаласында тұрғын үй саясатына енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіруге арналған ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов, қала әкімдігі қызметкерлері, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою және есепке алу функцияларын «Отбасы банк» АҚ-ына беру тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын бір орталық арқылы тиімді басқаруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
«Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев, банк мамандары Мухаммади Декхонов және кеңесші Ардақ Ыдырысова тұрғын үй саласындағы жеңілдетілген бағдарламалар, өтініш беру жолдары және жаңа цифрлық мүмкіндіктер жөнінде толық ақпарат ұсынды.
Кездесуде азаматтар тұрғын үйге кезекке электронды форматта тұру жолдарын, құжаттарды дұрыс тапсыру тәртібін және тұрғын үймен қамтудың жаңа механизмдерін нақтылап сұрап, мамандардан жауап алды.
«Мақсатымыз – халыққа тұрғын үйге қатысты ақпаратты ашық әрі қолжетімді түрде жеткізу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру», – деді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Бұл кездесулер тұрғындарға құқықтық тұрғыда бағыт-бағдар беріп, тұрғын үй саясатына деген сенімді арттыруда маңызды рөл атқарады.