Кентау қаласына қарасты ауылдарды кәріз жүйесіне қосу жұмыстары қолға алынуда
Кентау қаласының кәріз жүйесі қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және санитарлық жағдайын реттеуге арналған маңызды инфрақұрылымдық жүйе болып табылады. Қазіргі уақытта қалада кәріз жүйесінің ескі және жаңа желілері бар. Қала тұрғындарын толықтай кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін нақты жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, Кентау қаласының кәріз жүйесінің құрылысы 1955-1960 жылдар аралығында жүргізіліп, пайдалану барысында бірнеше рет жаңартуды қажет еткен. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 124 шақырымды құрайтын кәріз желісі жұмыс істейді. Оның 98 шақырымы ескі желілер болса, 26 шақырым жаңа мөлтек аудандарды қамтиды. Қалада кәріз су сорғы станциясы да жұмыс істеп келеді, оның қуаттылығы тәулігіне 14,5 мың м3 су бұруға жетеді.
Бүгінде қалада тұрғындарды толық кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті билік тарапынан бірқатар маңызды шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда кәріз жүйесінің қолданыстағы желілерін жаңарту, кеңейту және жаңа су бұру станцияларын салу бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Айталық, 2024 жылы қала тұрғындарын толық кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жаңа кәріз су сорғы станциясын салу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, ағымдағы жылдың ақпан айында мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Жаңа сорғы станциясының қуаттылығы тәулігіне 15 мың м3 су бұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның құны 100,8 миллион теңгені құрайды.
Кентау қаласының ауылдарын кәріз жүйесіне қосу мақсатында жобалық жұмыстар қолға алынған. Жақын арада ауыл тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін арнайы жоспарлар жасалуда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда қалада ескі кәріз желілерін жаңарту және жаңа аудандарды қамту үшін құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл шаралар қала тұрғындарының санитарлық жағдайын жақсартуға және кәріз суының дұрыс ағуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы кәріз жүйесінің толыққанды жұмыс істемеуі немесе жетіспеушілігі қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, қалада су бұру жүйелерін тиімді ұйымдастыру арқылы қаланың экологиялық жағдайын сақтау мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл қала тұрғындарының денсаулығын қорғау мен экологиялық таза орта қалыптастыру үшін де маңызды болып табылады.