«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығында жүзден астам қыз-келіншек оқыту курсынан өтті
Елімізде гендерлік теңдікті қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Мемлекетіміз Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет нысаналы түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, өңірлерде тиісті консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істей бастады.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Мұның барлығы гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған.
Қазіргі таңда елімізде гендерлік саясаттың дамуында оң өзгерістер байқалады. Әр саладағы алға қарай ілгерілеушілікке ерлермен қатар әйелдер де белсенділік танытуда.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді тек қаржылай қолдап қана қоймай, түрлі бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруде. «Кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету» жүйесі арқылы менеджер-кеңесшілер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, заң мәселелері және конкурстық рәсімдер, қаржылық жағынан қолдау, бизнес-жоспарды әзірлеу бағыттары бойынша кеңес береді. Өткен жылы 1241 кәсіпкерге 1300 қызмет көрсетілген. Және де палата «Мен кәсіпкер» құралының екі бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Соның бірі ретінде «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығын айтуға болады. Бұл орталық өткен жылы 376 кәсіпкерге 594 қызмет көрсетіп, 120 қыз-келіншек оқыту курстарынан өткен.