Ұлжалғас тәттілерімен тұрғындарды қуантуда
Ұлжалғас Сапарова Бәйдібек ауданы Шаян ауылында 2018 жылы мемлекеттен кәсіп бастаушыларға берілетін грантты ұтып алып, кондитерлік цех ашқан көпбалалы ана. Бүгінде ол шағын цехында тәттілердің түр-түрін жасап, ауыл тұрғындарын қуаныптып келеді.
— Бала күтімімен үйде отырғанымда құрбым торт жасап беруімді өтінді. Міне, содан бастап маған тортқа тапсырыс беретіндер көбейді. 2018 жылы жобамды ұсынып, мемлекет тарапынан берілетін грантты ұтып алып, кондитерлік өнімдер жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Үйімнің жанында кішкене бөлме болатын. Оны кондитерлік цехқа айналдырып, бүгінде онда тәттілердің түр-түрін жасаудамын. Шәкірттер тәрбиелеудемін, — дейді Ұлжалғас.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Солардың бірі ретінде Ұлжалғас Сапарованы айтуға болады.