Бәйдібектік Гүлнұр аяқ киімдерін Алматыға жөнелтуде

Гүлнұр Әбдімомынова Бәйдібек ауданы Қайнарбұлақ ауылында тұрады. Гүлнұрды ауылда тұрады дегеніміз болмаса, оның қолынан шыққан дүниелерді еліміздің барлық өңірінен арнайы тапсырыс беріп алдыратындар көп. Әсіресе, осы жылы Алматыдан арнайы тұрақты түрде алып отыратындар қатары арта түскен.

Гүлнұр көктем мен жаз мезгіліне және үйдің ішінде киіп жүруге арналған аяқ киімдерін үш жылға шыдайтынына кепілдік береді. Алты баланың әрі ерекше баланы өсіріп отырған ана бұрын тігіншілікпен айналысқан екен. 2021 жылы мемлекет тарапынан кәсіп бастаушыларға берілетін грантты ұтып алып, оған қажетті құрал-саймандар сатып алып, құрақ көрпе мен көрпешелер тіккен болатын. Кейіннен ауылда қыз жасауын тігетін тігіншілер көбейіп, тапсырыс берушілер азая бастағанда Гүлнұр осы кәсіпке бет бұрыпты.

Қазір ол Мыңбұлақ ауылында 18 адамға аяқ киім тоқудың қыр-сырын үйретуде. Одан бөлек «Тик-ток» әлеуметтік желісі арқылы күнде екі сағат онлайн сабақ өтеді.

— Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Өзім тігіншілікке өте қатты қызығатынмын. Заман ағымына сай қазір аяқ киім тоқып сатудамын. Алматыда қолөнершілерді оқытатын шеберлерден 50 мың теңгеге курс сатып алған болатынмын. Қазір сол шеберлер мені өздерінің қатарына қосып, онлайн түрде күніне екі сағат шәкірттерге сабақ берудемін. Бұл жұмысыма да айлық аламын. Әрине, кәсіп бастап, оны алып кету оңай емес. Ол төзімділікті, сабырлықты талап етеді. Алғашқы жылдары аяқ киімдерімді алатын аз болатын. «Инстаграмм» желісінде жарнама жасап, аяқ киімдерімнің суреті қоя бастағаннан қолөнерді түсетін адамдар тапсырыс беріп, осылайша кәсібім дөңгелеп сала берді, — дейді шебер.

Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Бүгінде облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлері бар. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *