Алтын құрсақ аналарға құрмет көрсетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 25 наурыздағы №497 Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай, аталған Жарлық аясында Сайрам ауданындағы көпбалалы 36 ана марапат төрінен көрінді. Оның ішінде, жетеуі «Алтын алқа», жиырма тоғызы «Күміс алқа» иегері атанды.
Алтын құрсақты аналарды марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қоғамда олардың алатын орны айрықша екенін атап өтті. Шара аясында алтын құрсақты аналарға алқалар мен гүл шоқтары тарту етілді.
Айта кетейік, аудан бойынша көпбалалы аналардың саны 12 704-ке жетті. Олардың 129-ы «Батыр аналар», 1220-сы «Алтын алқа», 2999-ы «Күміс алқа» иегері. Ал, 355 ана І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.
Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.