Арыста тұрғындарды газбен қамту жұмыстары қарқын алуда
Арыс қаласына қарасты «Барыс» шағын ауданының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Табиғи газға қосылу – көпшіліктің көптен күткен қуанышы болатын. Шаһардың шеткі аумағында орналасқан аймаққа табиғи газ беріліп, елдің тұрмысы жайлана түсті. Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосыла береді.
Қала басшысы осы шағын ауданда тұратын, сексенге келген қария Арысбек Баймұратовтің шаңырағында болды. Ақсақалдың әулеті табиғи газды үйіне кіргізген алғашқылардың бірі. Шаһар басшысы ақсақалмен сәлемдесіп, шаңырағынан жылулық кетпесін деп тілек білдірді. Өткен аптада №6 Газ тарату пунктіне қарайтын құбырларға табиғи газ беріліп, «Сырдария», «ШПЗ», «Почтовый» секілді бірнеше тұрғын аудан көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл және ауыл ақсақалдары «Почтовый» тұрғын ауданы, М.Мақатаев көшесінде тұратын, үйіне алғашқылардың бірі болып газ кіргізген Алдабековтер шаңырағына барып, қуанышына ортақтасты.
Тұрғындар да тарихи сәттің куәсі болғанына қуанып, пікірін білдірді. Бүгінге дейін көмір жағып, күл тасып шаршаған олар биылғы қысты жайдары көңілмен қарсы аламыз деп отыр.Айта кетейік, жуық арада «Стадион» тұрғын ауданы газға қосылуға мүмкіндік алады. Тиісінше, аталған аудан тұрғындары құжаттарды рәсімдеу, үйге дейінгі монтаждау жұмыстарын жасап, қамдануы керек. Ал қала орталығы жыл соңына дейін газға қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.