Ауыл белсенділері балаларға алаңша салып беруде
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында белсенді ауыл тұрғындарының бастамасымен бой көтерген ойын алаңшасы ел игілігіне тапсырылды.
Игі шараға қатысқан Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қабылан Елеусізов демеуші болған жандарға алғыс білдіріп, ауыл жастарын және тұрғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.Сонымен қатар белсенді ауыл тұрғындары мұндай жобалардың алдағы уақытта өз жалғасын табатынын тілге тиек етті.
– Мемлекет бізге не береді деп емес, біз елімізге не бере аламыз деген мақсатпен ілгерлейтін уақыт. Біздің мақсатымыз артымызда өсіп келе жатқан жас балалар ыңғайлы, қажетті ойын алаңшаларда ойнап, салауатты өмір салтын ұстанса деген ниеттеміз. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Мүмкіндігінше ауылға қажетті спорт алаңшалар салуды жалғастырамыз, – дейді ауыл тұрғыны Тауаккал Шамметов.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді.Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген ойын алаңшасы барлық стандарттарға сай. Жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Бір мезгіл тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай спорт алаңшасы осымен екінші рет ауыл балаларына табысталуда. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін төрт алаңша салып беруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда моноқаланың еңбек көрсеткішінде ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, өткен жылы жалпы өнім көлемі 76,2 млрд. теңгені құраған, оның 56 пайызы – өнеркәсіп, 17,6 пайызы – ауыл шаруашылығы, 14,8 пайызы сауда саласының еншісінде.
Былтыр негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,7 млрд. теңгені құраса, оның 83 пайызы жеке инвесторларға тиесілі.