Жайсыз отбасылардың тізімі анықталып, балалардың тұрмыс жағдайлары жіті бақылауға алынды

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі өзегі қауіпсіз қоғам қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен прокуратураға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оның үстіне, еліміздің рухани астанасы – Түркістанның қылмыстан ада, заңсыздықтан алыс болуын қамтамасыз ету міндетімізді, тіпті, еселей түсті. Қазір облыс прокуратурасы осы үдеден шығуға барынша күш салып келеді. Заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі жақсы.

Атап айтар болсақ, биыл облыстағы криминогендік ахуал 5,7 пайызға төмендеді. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қарақшылық, тонау, жол-көлік саласындағы қылмыстар бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде адам ұрлау дерегі де едәуір төмендеді деуге болады. Бұл қылмыстың негізгі бөлігін қыз алып қашу оқиғалары құрап отыр. Құқықтық мемлекетте қыздарды келісімінсіз алып қашу қылмысқа жатады. Адам ұрлау қылмысынан жалтару үшін қазақы салт-дәстүрге арқа сүйеуге болмайды. Қаншалықты қазақы өңір болсақ та, әр отбасы қыздың қалауын ескеріп, қыздың көз жасына қалмау керегін үнемі ескертіп отыруы тиіс!

Әйелдер бүгінде әлімжеттіктің құрбанына айналып отыр. Зайырлы мемлекетте аналар жыламауы, әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауы тиіс. Түркістан қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсететін 50 орынды орталық ашылды. Онда өмірден теперіш көрген жандарға жасалған жайлы жағдайдан бөлек, құқықтық, психологиялық және медициналық кеңес беріледі. Былтыр өңірдегі дағдарыс орталықтарынан 210 адам көмек алды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасатын болады.

Мұрат ТІЛЕУБЕРДИЕВ,

Түркістан облысының прокуроры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *