Отбасы бәрінен қымбат мекен
Жақында Келес ауданында «Отбасым – бақ мекенім» атты аудандық форум өтті. Аталған іс-шара өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы құрудағы жауапкершілікті ұғындыру, ажырасудың, отбасыдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны болдырмау, негізгі себептерін зерделеу мақсатында ұйымдастырылды. Форумға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев отбасы құндылықтары, отбасыдағы өзекті мәселелер жөнінде сөз сөйледі.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтып, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілетінін жеткізген болатын. 2024 жылдың 1-тоқсанында Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» 67 азаматқа психологиялық қызмет көрсетті. Орталық жұмысы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және отбасы мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына жан-жақты қолдау көрсету арқылы отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Бүгінгі форумда айтылатын ой-пікірлерден көпшілік рухани азық алып, оны күнделікті өмірлерінде қолданады деген сенімдемін – деді ол.
Форумда Келес халық театры отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты «Тәрбие отбасыдан» тақырыбында қойылым қойып, арнайы бейнеролик ұсынды. Сонымен қатар, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы және аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов отбасы құндылықтары және құқық бұзушылықтарға қатысты қабылданып жатқан шараларды түсіндіріп өтті. Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.