Түркістан облысында полиция өртті дер кезінде сөндіріп, бүтін бір отбасы мүшелерін құтқарды
Түркістан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қырағылығының арқасында Сайрам ауданындағы үйдің ауласында болған өртті сөндіруге мүмкіндік туды.
Яғни таңғы сағат 10.00 шамасында, тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде полицейлер жергілікті тұрғынның үйінің ауласынан шыққан түтінді байқайды.
Тәртіп сақшылары дереу өрт сөндірушілерді шақырып, оқиға орнына өздері келді. Мұнда олар малға арналған екі қабатты ғимараттың шатырында шөп өртеніп жатқанын анықтады.
4 полиция қызметкері өрттің одан әрі таралуын болдырмау үшін оны дереу сөндіруге кірісті. Су мен қолға түскен құралдар көмегімен және өрт сөндірушілермен бірге олар өртті тез арада сөндірді.
Осылайша, жедел және ұйымдасқан әрекеттердің арқасында ауыл тұрғынының үйіне жалын тимеді. Өрттен ешкім зардап шекпеді. Үй иесі яғни жергілікті тұрғын өзінің шынайы алғысын білдірді.