Жас жігіт мешіт ауласында ілулі тұрған тұрғынның күртешесін ұрлап кеткен
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол қаладағы мешіттердің бірінде белгісіз біреу оның ілулі тұрған күртешесін бағалы ұялы телефоны мен төлқұжаттарын қолды еткенін жазып көрсеткен. Ақпарат келіп түскен бойда тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға жетті. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті бейнебақылау камерасы арқылы анықталды. Ол 19 жастағы жұмыссыз жүрген жас жігіт болып шықты.
Белгілі болғандай, мешітке келген жігіттің кенеттен ойы өзгерген. Яғни мешіттің кіре берісінде ілулі тұрған күртешені көріп, ешкім қарап тұрмағанына көз жеткізген соң, жымқырып кеткен. Тәртіп сақшылары қолды болған затты тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдікті жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.