Шымкентте тұрғын үйлерінен тыс жерлерде жүрген 100-ге жуық жасөспірім жауапқа тартылды
Шымкентте 1 тәулікте жасөспірімдерге қатысты жалпы 108 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын 6 ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен хаттама толтырылса, 1 жеткіншек қоғамдық орында мас халде болғаны үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігімен жазаланды.
Сондай-ақ, түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 98 бала әкімшілік кодекстің 442-бабымен жауапқа тартылды.
Ата-анасының бақылауынсыз жүрген 15 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, құқық бұзушылыққа бейім 16 жеткіншек пен 11 қолайсыз отбасы есепке қойылды.
«22-24 қыркүйек аралығында мегаполисте «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілді. Мұндағы басты мақсат — кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту және оны болдырмау. Осыған байланысты полицейлер қала аумағында рейд жұмыстарын жүргізіп, жеткіншектер жиі баратын жерлерді тексеріп шықты» — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.